Құқық

«Заңға сәйкес уәкілеттік органдар әкімшілік жаза қолдана алады…»

Биыл сәуір айында ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Бүгінгі күні осы Заңдағы өзгерістер халыққа қалай түсіндіріліп жатыр? Жалпы, өзгерістердің тұтынушыларға берері қандай? Осы және өзге де мәселелерге қатысты Ақтөбе қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жайдар Құрмановпен сұхбаттасқан едік

.DSC_

  • Бүгінгі күні кез келген тұтынушы өз құқығының тапталмауына жете көңіл бөледі. Алайда кей кездері сатушылар мен тауар өндірушілер тұтынушылардың заңнан бейхабар екенін аңғарып, оларға сапасыз немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен заттарын ұсынады. Бұл жерде тұтынушы зардап шегеді.Осы уақытқа дейін уәкілетті орган ретінде басқарма мамандары халық арасында түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Дегенмен әлі күнге дейін көпшілік өзінің тұтынушы ретінде өз құқығын толық білмейді. Мәселен, қазір кез келген сауда орындарына барсаңыз «Сатып алған зат кейін қайта алынбайды және ауыстырылмайды» деген жазуды көп кездестіреміз. Тұтынушылардың көбі осыны дұрыс санап, алған затынан айнып қалса да алуға мәжбүр болады. Ал бұл Заң бойынша дұрыс емес. Заң тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін құруға және қолданыстағы тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

«Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, іш киімдер, шұлық-ұйық бұйымдар, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауарлардан басқасының бәрі тұтынушының көңілінен шықпаған болса сатып алынған күннен бастап 14 күн ішінде сатушыға кейін қайтарылады. Ал Заңға енген соңғы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, сатушы не дайындаушы жарамдылық мерзімі өткен соң сатылған, техникалық регламенттерде, өнімдер жөніндегі нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сай келмейтін, оның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзыла отырып шығарылған тауарды оның пайдаланылғанына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының, заттаңбаларының сақталуына-сақталмауына қарамастан, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ауыстыруға немесе сатып алынған тауар үшін ақшалай соманы тұтынушыға қайтаруға міндетті. Бұл Заңның 30-бабында нақты көрсетілген. Сондай-ақ, тауардың бағалар заттаңбасымен рәсімделген сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарына қойылған, көрсетілген құнына сәйкес сатушы (дайындаушы) сатуға міндетті, ал тұтынушы сатып алуға құқылы. Тағы бір жайт, Қазақстан Республикасының Заңнамасында көрсетілгендей енді кез келген тұтынушы зат, не киім сатып алғанда  оны фото немесе бейнетүсірілімге түсіріп, қолдануына болады. Оған ешқандай сатушы не өндіруші тыйым сала алмайды. Сонымен бірге кез келген тұтынушы сатушы не тауар өндірушіден өнімінің, не тауарының сәйкестік декларациясын сұрауға немесе көруге толық құқығы бар.  Және талап қойылған кезде сатушыда (дайындаушыда) ауыстыруға қажетті тауар болмаса, оны ауыстыру талап қойылған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде жүргізілуі тиіс.

Тауар сапасына қатысты Заңдағы өзгерістерге тоқталып өтсеңіз…

  • «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңның 30-бабына енген толықтыруларға сәйкес, тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы (дайындаушы) төлейді. Егер тауарды тексеру не сараптама жасату нәтижесінде тауардың кемшіліктері жоқ екендігі немесе кемшіліктер тұтынушының тауарды пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзуы немесе үшінші тұлғалардың іс-әрекеттерінен не еңсерілмейтін күштің салдарынан тауар тұтынушыға берілгеннен кейін пайда болғаны белгіленсе, тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) тексеру жүргізуге жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ оны жүргізуге байланысты тауарды тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтеуге міндетті. Сондай-ақ, сатушы не дайындаушы тұтынушының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиян үшін жауапты.
  • Тұтынушылар қандай жағдайда соттың көмегіне жүгіне алады?
  • Заңнамаға сүйенсек, сатушы не дайындаушы тұтынушының талабын орындаудан бас тартқан кезде ұйымның басшысына жүгінуі керек. Егер ол да тұтынушының талаптарын орындай алмаса онда тұтынушы жазбаша түрде сотқа арыз түсіре алады. Егер сот сізге 10 күн ішінде жауап бермесе, онда оған талап арыз бере аласыз.

Сондай-ақ, егер 10 тұтынушы бірдей бір сауда орнынан  тауар алса, не ұқсас сауалдары болып мемлекеттік органдарға арыз-шағым түсірсе, тұтынушылардың құқығын қорғаушы орган ретінде біз сатушыны не тауарды өндірушіні сотқа беруімізге болады. Алайда алдымен жағдайдың мән-жайымен танысып, тұтынушы мен сатушы тарапынан айтылған пікірлерді сараптаймыз.

 — Заңдағы өзгерістерге байланысты тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында бүгінгі күні қандай жаңашылдықтар бар?

  • Енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Заңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру мақсатында мемлекеттік органдардың, оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдардың өкілеттіктерін кеңейту көзделеді. Мәселен, басқарма уәкілеттік орган ретінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 193 (1-бөлігінде), 415 (1-бөлігінің 1), 2), 3) тармақшаларында) баптарында көзделген әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғайды және қарайды. Және әкімшілік жазалар қолданады. Сондай-ақ, жыл сайын 1 мамырдан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі туралы жылдық есеп беріп отырады.
  • Бүгінгі күнге дейін басқарма қызметкерлері тұтынушылармен қандай жұмыстар жүргізді? Тұтынушылардан келіп түскен арыз-шағымдарға кім жауап береді?
  • Басқармаға келіп түскен арыздарға бөлім басшылары мен бас мамандар,сондай-ақ бөлімдегі жауапты қызметкерлер жауап береді. Олар әр адамның арыз-шағымын қабылдап, оны шешудің жолдарын қарастырады.Осы тұста тұтынушының құқығын қорғауда біздің мамандардың еңбегінің зор екенін айта кеткім келеді.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша басқарма мамандары 17 азаматты қабылдап, кеңестерін ұсынып, 3 тұтынушының арыз-шағымына жауап берді. Сонымен қатар қауырт желі бойынша 63 тұтынушыға ақыл-кеңес айтылып, қызметкерлер мен тұтынушылар арасында 5 дөңгелек үстел өткізілді. Атап айтсақ, алты ай ішінде облыстық аурухана мамандарымен, «Автопарк» жеке шаруашылық серіктестігінің қызметкерлері және жүргізушілерімен, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен, ауыл шаруашылығы және туризм саласының мамандарымен басқосулар өтіп, оларға заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұтынушылардың негізгі құқықтарын жариялау мақсатында Ақтөбе қаласындағы 18 үлкен сауда орындарына «Тұтынушы бұрышы» ілініп, сауда орындарындағы сатушылар мен тұтынушыларға өз құқықтарын қорғау туралы білмдерін арттыру мақсатында 972 брошюра мен буклеттер таратылды. Сондай-ақ Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күніне орай Ашық есік күні ұйымдастырылып, осы саладағы жауапты мамандармен кездесу өткізілді.

— Сөз соңында тұтынушылардың негізгі құқықтарын атап өтсеңіз?

  • Тиісті емес сападағы тауарды сатып алған тұтынушы егер сатушы тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаған болса, өз таңдауы бойынша сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуге, тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюға және оған жұмсаған өз шығындарын өтеуге, соған ұқсас маркалы (моделді, артикульді) тауарға ауыстыруға, сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы ұқсас тауарға ауыстыруына болады. Сонымен қатар шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

Жоғарыда атап кеткендей, кез келген тұтынушы сатып алған затынан не тауарынан кемшілік тапса, оны күнтізбелік 14 күн ішінде сатушыға қайтаруға құқы бар. Сондықтан барлық тұтынушыларға өз құқықтарын біліп, сапалы тауарға қол жеткізу үшін заңдылықтарға сәйкес әрекет етіп, таңдау жасауға кеңес береміз.

 Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button